CaspianLife, 13 сәуір — Атыраудағы кейбір қоғам белсенділері «Ақжайық» қонақ үйінің маңындағы жердің жекеге өтіп, учаскеге ғимарат салынатынына қарсы, деп хабарлайды Caspian Life.
Облыстық қоғамдық кеңестің мүшесі Виктор Сутягинның айтуынша, кәсіпкерге дәл осы жерді беру туралы жауаптылардың бұл шешімі ақылға қонымсыз. Себебі, айналма жолға жақын, қиылыстағы аумақта нысан бой көтерсе, адамдардың өміріне қауіп төнеді.
«Менің ойымша бұл іске жергілікті билік, сот немесе прокуратура органдары араласып, бассыздыққа жол бермеуі керек. Мына жерге қандай да бір ғимараттың салынуына қарсымын. Жайқалып, өсіп тұрған ғаштарды отап тастаған. Адамдардың өміріне қауіпті тудыратыны анық, тіпті адам өлу фактісі тіркелуі мүмкін. Себебі, бұрылыста жаяу жүргіншілер жолағы бар», — деді Атырау облыстық қоғамдық кеңестің мүшесі Виктор Сутягин.
Қалалық әкімдіктегілердің айтуынша, кәсіпкер Әбілқайыр хан даңғылының бойындағы 16 сотық жерін мемлекет мұқтаждығына беріпті. Бірақ оның орнына қаланың қақ ортасынан 2 жарым сотық жер беруді сұраған. Бизнесменнің өтініші комиссия отырысында қанағаттандырылып, қала әкімінің тиісті шешімі 2022 жылдың тамызында шыққан. Енді кәсіпкер ол жерге 2 қабатты ғимарат салғысы келеді. Бірақ онысын жергілікті басшылар қолдамай отыр.
«Ғимарат қызыл сызыққа жақын. Өрт қауіпсіздігі мен көлік тұрағын ескере отырып, қалалық сәулет бөлімі тарапынан бас тартылды», — деді Атырау қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімі басшысының орынбасары Фараб Қуанышқалиев.
Жер телімінде осы уақытқа дейін өсіп тұрған 15-ке жуық ағаш оталған. Қалалық әкімдіктегілердің сөзіне сенсек, кәсіпкер басқа жерге 15 емес, 150-ге жуық тал егемін деп уәде беріпті. Атырау қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімі егер кәсіпкер учаскеге нысан салғысы кеп, өзгертілген жобасын ұсынса мұқият қарап, зерделеп, барып шешім шығарумыз мүмкін дейді.