CaspianLife, 31 наурыз — Жайық өзенінің Махамбет ауылындағы жағалауын нығайту жұмыстары жоспарланған уақытта аяқталмауы мүмкін деп хабарлайды сaspianlife.kz.
Атырау облысы әкімдігінің баспасөз қызметінің ақпаратына сүйенсек, жағалаудағы өндірістік жұмыстар бекітілген жұмыс кестесінен кешігіп жатыр. Жұмыс күші тапшы, техника саны жеткіліксіз. Жұмыс тиісті деңгейде ұйымдастырылмаған. Жағалаудың жалпы ұзындығы — 4,5 шақырым. Құрылыс жұмыстары 2021 жылдың тамыз айында басталған еді. Жоспар бойынша бұл жұмыс 2023 жылдың шілдесінде аяқталуы керек. Бүгінде көлбеулерін, кері сүзу сүзгісін қалыптастыру, монолитті ростверк құю, оны сыммен тоқу, бағаналарды қағу, орналастыру, темір шпунт қағу, тасты қабатты орналастыру жұмыстары жүріп жатыр. Бірақ, жоғарыда жазылған себептерге байланысты жұмыс уақытылы аяқталмай қалуы әбден мүмкін.