CaspianLife, 28 наурыз — 2023 жылы жағдайы қалыпты республикалық маңызы бар жолдардың пайыздық көрсеткішін 93 пайызға, ал қалған жолдардың көрсеткішін 80% -дан 87% дейін жеткізу жоспарланып отыр. Мұны ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне қарасты автомобиль жолдары комитеті төрағасының орынбасары Амангелді Беков айтты деп хабарлайды сaspianlife.kz.
Амангелді Беков жолдардың бойындағы қызмет көрсету нысандарын дамыту жұмыстарына да тоқталды. Оның сөзінше, қазіргі уақытта республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының бойында 1 634 нысан бар. Соның 74 пайызы ұлттық стандарт талаптарына сай келеді. Биыл тағы 78 қызмет көрсету нысанын іске қосу жоспарланған. Оның 53 объектісі жеке инвестицияларды тарту есебінен қойылмақ.
«Бұл бағыттағы жұмыстар аясында биыл ұлттық стандарт талаптарына сәйкес келетін қызмет көрсету нысандарының үлесін 82 пайызға дейін жеткізуге мүмкіндік болады. Жол бойындағы қызмет көрсету нысандарын дамыту мақсатында былтыр жергілікті атқарушы органдардан 10% мөлшерінде субсидиялар қарастырылған. Сондай-ақ, санитарлық-гигиеналық тораптарды күтіп ұстауға айына 83 мың теңге көлемінде шығындарды өтеу бойынша мемлекеттік қолдау көрсетіледі. Сонымен қатар, жол бойындағы қызмет көрсету нысандарын салу үшін жер беру рәсімін жеңілдету мақсатында біз қолданыстағы заңнамаға өзгерістер енгізу мәселесін пысықтап жатырмыз», — деді комитет өкілі.