CaspianLife, 24 наурыз — «Геолог» ықшам ауданындағы ұжымдар ауыл халқына арнап мерекелік іс-шара ұйымдастырды. Атап айтқанда, «Демеу» қоғамдық қоры, Геолог мәдениет үйі, №9 қалалық кітапхана сынды бірнеше ұйым бірлесіп, наурыз тойын атап өтті, деп хабарлайды CaspianLife.
Мерекелік жиынның жоғары деңгейде өтуіне ауыл тұрғындары да атсалысқан. Мың бұралған бишілер тойды қыздырып, аналардан құралған хор ескі әндерді шырқады. Спортшылар да өнер көрсетті.
«Жалпы бұл мереке Геолог әкмішілігі кезінен бастап, сол егемендік алғаннан бері тойланады. Әрине, арада үзілістер болды. Карантиннің болуына байланысты. Бірақ, соған қарамастан біздің елді мекеннің халқы ұйымшыл. Осындай мәдени шараларда көп болып атсалысады» — деді «Геолог» ықшам ауданының тұрғыны Айгүл Отар.
«Келіп жеткен жылымыз бәрімізге де жақсылық әкелсін деймін. Ең бастысы еліміз тыныш болсын! Дастарханымызда әр уақытта нанымыз болсын! Берекелі дастархан болсын дейміз. Қазақтың ұлттық мейрамы ғой, барлық салт-дәстүрін осы наурыз мерекесінде көрсетеді. Жастарға берер тәрбиелік мағынасы өте зор. Өте көп. Салт-дәстүрімізді әр уақытта қадірлейік, жастар соны үйренсін деген тілек айтамыз» — деді «Геолог» ықшам ауданының тұрғыны Гүлнара Сапанова.