CaspianLife, 24 наурыз — Қала іргесіндегі «Жаңаталап» ауылының жастары наурызға орай мерекелік іс-шара өткізді, деп хабарлайды CaspianLife.
4 киіз үй тігіліп, дастархан жайылды. Алтыбақан құрылды. Жаңару мен жасампаздықтың бастауы болған ұлы күнде ұлттық ойындар насихатталды. Жігіттер көкпар тартты. Нәтижесінде, «Сарайшық» пен «Жаңаталап» командаларының әрқайсысы 100 мың теңгемен марапатталды. Бұдан бөлек, ауыл азаматтары гір тасын көтеріп, бұқа және арқан тартысты. 5 азамат салмағы 40-келіден асатын қойды көтеруден жарысқа түсіп, ақырында жандықты 107 рет көтерген Амантай Казиров жеңіске жетті.
«Қарсылыстарым да мықты. Олар да қалысқан жоқ. Бірақ жеңіс маған бұйырды. Көп көп рақмет! Наурыз мейрамы құтты болсын! Ақ мол болсын! Осылай мейрамды тойлап, аман-есен жүре берейік» — деді «Жаңаталап» ауылының тұрғыны Амантай Казиров.
«Үлкендерімізге, жастарымызға 2 қазан ас асылып, үлкендерімізге ас беріп жатырмыз. +Бұл Жаңаталап ауылының барша халқының, жастарының жасалып жатқан шара. Және ауылымыздағы кәсіпкерлерге мың алғыс. Дүкен, ресторандарға шын жүректен алғыс білдіреміз. Халық жақсы қабылдауда. Көңіл күйлері өте жақсы» — деді ұйымдастыру тобының мүшесі Нұрбол Зейнеш.
Бірлік пен еңбектің, мейірімділік пен ізгіліктің, достық пен татулықтың мерекесінде ауыл өнерпаздары жанды дауыста ән шырқап, көпшілікке мерекелік көңіл-күй сыйлауға тырысты.