CaspianLife, 19 наурыз — Сайлау учаскелерінің мүшелері дауыс санауға кірісті, деп хабарлайды CaspianLife.
Көп ұзамай сайлаудың алдын ала қорытындысы белгілі болады. Бірақ нақты ақпарат бірнеше күннен кейін жарияланады. Атырау облысы бойынша сайлауға 442 кандидат түсті. Мәжіліске біреу, облыстағы 9 мәслихатқа 140 депутат сайлануы тиіс. Олардың алдында бұрынғы әріптестерінің 30 жылда белден де төмен түсіп кеткен абырой-беделін қайтару секілді зор міндет тұр. Жамбасының астында жеп жататын емес, халықты ит басына іркіт төгілетіндей молшылыққа жеткізуге тырысатын кандидаттар депутат болып сайланды деген үмітітіз жоқ емес.
«№40 сайлау учаскесінде болған сайлауымыз өте тамаша деңгейде өтті. Қонақтар көп келді. Қонақтарымызға арнайы іс-шара болды. Концерт болды, бауырсақтар, көжелер таратылған болатын. + 02:05 сайлау учаскемізде 2280 адам тіркелген. Соның ішінде 210 адам келді» — деді №40 учаскелік сайлау комиссиясының хатшысы Айнұр Мұхамбетова.
Сайлау күні Атырауда 269 сайлау учаскесі жұмыс істеді. Оның 11-і жабық. Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық жөніндегі ұйымның 14 өкілі және 1500-ге жуық жергілікті байқаушы сайлау процесінің өту барысын қадағалады.