CaspianLife, 19 наурыз — Құрманғазы ауданындағы сайлаушылардың жартысынан көбі дауыс берді. Нақты айтқанда, бюллетень алуға құқылы 34790 азаматтың 20 мыңнан астамы учаскелерге келіп, таңдау жасаған. Бұл сағат 15:00 дегі көрсеткіш, деп хабарлайды CaspianLife.
Жалпы ауданда 36 сайлау учаскесі жұмыс істеп тұр. Ондағы процесті 124 байқаушы қадағалауда. Еңбекші ауылдық округінде орналасқан №168-ші учаскеге келіп жатқан халықтың қарасы көп. Барлығы да елдің, ұрпақтың қамы үшін дауыс беріп жатқандықтарын айтады.
«Дауыс беру бұл әр Қазақстан азаматының борышы деп ойлаймын. Мен ерте келіп осы сайлау учаскесінде өз дауысымды беріп жатырмын. Сайлау бұл дамудың, тұрақтылықтың белгісі. Мен өзімнің оң шешімімді қабылдадым және де басқа да сайланушыларға сәттілік тілеймін. Әділдік жасасын» — деді Құрманғазы ауданының тұрғыны Тілекші Мертайқызы.