CaspianLife, 19 наурыз — Бүгін қазақстандықтар үшін маңызды күн. Елімізде мәжіліс және мәслихат депутаттарының сайлауы өтіп жатыр. Қызылқоға ауданында 30 мыңға жуық халық тұрса, оның 18 488-і дауыс беру құқығына ие. Аудан бойынша 36 депутаттыққа үміткер бар. Ал, таңдау жасаймын деген азаматтар үшін 19 сайлау учаскесі жұмыс істеп тұр. Әр сайлау учаскесінде 10 байқаушы бар, деп хабарлайды CaspianLife.
3 сайлау учаскесі — аудан орталығы саналатын Миялы ауылында. “Арман” мәдениет үйінің ғимаратындағы № 146 сайлау учаскесінде 1948 тұрғын дауыс беруге құқылы. Олардың 13-і мүмкіндігі шектеулі жан. Комиссия мүшелері бірінші боп келіп дауыс берген және ең қарт сайлаушыға сыйлық дайындап қойыпты. Ерлі-зайыпты Қанат-Гүлнәр Қожахметовтер «басқаша өтіп жатқан сайлауда жаңа Қазақстан үшін тың өзгерістер болатынына сенеміз», — дейді.
«Мынау енді бұрыннан сайлауға қатысып келе жатырмыз ғой. Дегенменен мынау жаңа Қазақстан болғаннан кейін, бәріміз соған үміттеніп, отбасымызбенен, бала-шағамызбенен бәріміз осында келіп дауыс беріп жатырмыз. Жаңа Қазақстан деп жатырғой бір өзгерістер күтіп жатырмыз. Халық күтіп отыр. Халықтың бірі біз ғой. Отбасымызбенен таңертең ерте тұрып, шайымызды ішіп, осында қуанышқа келіп жатырмыз. Бұдан үлкен өзгеріс күтеміз біздер» — деді Миялы ауылының тұрғыны Қанат Қожахметов.
Қызылқоға ауданында сайлауға 36 кандидат түсіп жатыр. Олардың 16-сы партиялық тізіммен, ал 20-сы өзін-өзі ұсынған.