CaspianLife, 21 ақпан — Маңғыстау және Атырау облыстарында техногендік сипаттағы күшті жер сілкінісі болу қаупі бар, деп хабарлайды CaspianLife.
Осыған алаңдаушылық білдірген сарапшылар теңізде және құрлықта геодинамикалық мониторинг жүргізу қажеттігін айтады. 2000-шы жылдары төтенше жағдайлар департаментіне басшылық еткен Қажымұрат Хайрошев маңғыстаулықтар сол кезде түн ішінде болған жер сілкінісін сезді дейді. Бірақ жұрттың үрейін ұшырған сол жағдайға байланысты зерттеу жұмыстары жүргізілмепті.
«Мына жақта Теңіз бар, мына жақта Қашаған бар, басқа кен орындар бар. Сол жердегі солардың байланысы қалай?! Теңізге сақ болуымыз керек қой. Теңізде жер сілкініс болып жатса. Ол суды лақтырып тастауы мүмкін. Ол су келіп қаланың быт-шытын шығарса, қазір теңіз жағасындағы ғимараттар салып жатырмыз. Ол қалай, сондықтан оған жан-жақты тексеріс керек деп ойлаймын» — деді Ақтау қаласының тұрғыны Қажымұрат Хайрошев.
Маңғыстау облысының әкімімен кездескен ғалымдар мен мамандар аймақтың техногендік жағдайын жан-жақты, ауқымды түрде зерттеу қажет деген пікір айтты. Әсіресе мұнай-газ кен орындарына жақын орналасқан аудандарға дұрыстап көңіл бөлу керек дейді олар.
«Құрылыс нормаларына сәйкес, Маңғыстау облысында 14 елді-мекен қауіпті аймаққа кіргізілген. Қазіргі таңда сейсмологиялық бағалау жүргізу үшін, сейсмология мекемесінен қанша қаражат кететіндігі жөгнінде бағалау ұсыным алып жатырмыз. Жергілікті бюджетті нақтылау кезінде қарастырылып, ары қарай уже МО да сейсмологиялық бағалау жүргізіледі» — деді Маңғыстау облыстық ТЖД бөлім басшысы Данияр Елшібаев.
Ғалымдар сейсмологиялық жағынан қауіпті елдімекендерді атады да. Тізімнің басында Жаңаөзен қаласы тұр. Бірақ Маңғыстауда зерттеу жұмыстарын дұрыстап жүргізуге қажетті сейсмикалық станция жоқ. Ал осыдан небары бір апта бұрын Атырау және Маңғыстау облыстарының шекарасында күші 4,9 балдық жер сілкінісі болды. Жердің тербелісі volcanodiscovery (волкейнодискавери) сайтында тіркелген.