CaspianLife, 15 ақпан — 6 күнде 235 атыраулық депутаттық мандаттан үмітті кандидат ретінде ресми тіркелді, деп хабарлайды CaspianLife.
Яғни барлығы құжаттарын дұп-дұрыс қып қаттап, тексерістерден өтті деген сөз. Бұл сан 18 ақпанға дейін бірнеше рет өзгереді. Қазіргі кезде қалған 261 адамның құжаты қаралып, тексеріліп жатыр. Жалпы Атырау облысы бойынша мәжіліс және мәслихат депутаты болуға 496 тұрғын өтініш берген еді.
«Ең үлкен бәсекелестік мәжіліске, яғни бір мандатты округта 1 орынға 19 адамды құрап отыр. Ал мәслихаттар бойынша облыстық және қалалық мәслихаттарда бір орынға 4 адамға дейін келіп отыр. Мәслихаттар бойынша орташа бәсекелестік 3 адамды құрайды. Қазіргі уақытта ұсынылған кандидаттардың құжаттарын қарап, сәйкестігін анықтау жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Тіркеу жұмыстары 18 ақпан 18:00ге дейін жүргізіледі» — деді Атырау облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Азамат Айманакумов.
Депутат болғысы келетіндердің арасында мемлекеттік қызметкерлер, экс-депутаттар, мұғалімдер, блогерлер, зейнеткерлер мен жұмыссыздар бар. Сайлау кезінде 365 комиссия жұмыс істемек, оның 269-ы учаскелік. Қазіргі уақытта облыстық аумақтық сайлау комиссиясы саяси науқанға дайындықты бастап кетті. Олар учаскелердегі комиссия мүшелерінің біліктілігін арттырып, құқықтық актілермен жұмыс істеуді үйрету мақсатында семинар өткізді.
«Округтік сайлау учаскесі жұмысын бастағанмен кейбір жұмыстар арқылы нені жетілдіруіміз керек, нені жақсартуымыз керек, неге қосымша көңіл аударуымыз керек екенін семинар арқылы пайдалы ақпарат алып отырмыз. Бұл семинарда берілген материалдар алдағы уақытта жұмысымызды одан әрі нақты сапалы жүргізуге септігін тигізеді деп ойлаймыз» — деді №16 сайлау учаскесі төрағасының орынбасары Ербол Меңдіғалиев.
Семинарды ұйымдастырушылардың айтуынша, комиссиялардағы 2400-ден астам адамға арналған семинар кезең-кезеңімен 12 наурызға дейін өткізіледі.