CaspianLife, 7 ақпан — Әуелі үсті-үстіне жауған қар, кейін ақпандатқан боран атыраулықтарды әбігерге әбден салды. Табиғаттың тосын мінезіне қала билігі дайын болмай шықты. Қаланың сырт жағын айтпай-ақ қояйық, орталық саналатын көшелердегі күртік қардан машиналар қозғала алмай, жаяулар омбылап жүр. Көше тазалығына жауапты коммуналдық мекеме өзіндегі техника жетпеген соң, жеке компаниялардан арнайы көліктерді жалға алуға кірісті, деп хабарлайды CaspianLife.
«Міне қазір көріп жатырсыздар шынымен қар көп жауып жатыр. Соған қарамастан біз өз күшімізді жұмылдырылдық. Қазір жеке кәсіпкерлерден 20 техника алдық. Жеке кәсіпкерлердің техникасы. Оны өзіміз жалдап алып отырмыз. Осы ауа-райының қолайсыздығына байланысты» — деді «Арнаулы Автобаза» ЖШС директоры Алмас Ізтілеуов.
Қаланы қар басып, көліктің де, жаяудың да жүріп-тұруы қиындағалы 4 күн өткенде барып жергілікті басшылар әрекет етуге көшті. Техникасы бар мекемелердің басшыларын жинап алып, шұғыл жиын өткізбек.
«Бүгін сол қар күреу жұмысына қатысты қалалық әкімдікте өңірдегі мекемелермен жиын өтеді. Бұл жерде сол өңірдегі мекемелерді қар күреу жұмыстарына жұмылдыру жағы қарастырылатын болады. Жалпы бұл жерде мердігер мекемелерге қалада құрылысы жүрып жатқан мекемелердлің бәрі жатады. Қазіргі таңда осы техникамен қамтамасыз ету қарды күреу мәселесіне қатысты қала әкімдігі тарапынан нақты жоспарлау жұмыстары жүргізіліп жатыр техника алу бойынша. Бұл алдағы уақытта қарастырылатын болады» — деді Атырау қаласы әкімдігінің баспасөз хатшысы Нұрислам Ғұмар.
Қазіргі кезде қала көшелерін 220 жұмысшы тазалап жүр. Олар сыпырғышы бар 8 трактор мен 3 камазды, 22 жүк және қар таситын 7 арнайы техниканы пайдалануда. Көпірлердің үстіне реагент себіліп жатыр. Қорда 100 текше метр тұз бен 120 текше метр құм бар. Жалпы ақпанның 4-нен бері қала сыртына 3200 текше метр қар шығарылыпты.