CaspianLife, 30 қаңтар — Атырауда «Жастар» театрының ұжымы поэзия кешін өткізді. Кеште Күләш Ахметова, Қалқаман Сарин, Танакөз Толқынқызы, Әлия Дәулетбаева және Санжар Ғұлама сынды ақындардың өлеңдері оқылды. Пандемиядан кейін алғаш рет ұйымдастырылған рухани іс-шараға жиылғандар залды лық толтырды, деп хабарлайды CaspianLife.
«Жастар театрының нағыз талантты, майталмандары айтқан кезде қазақтың әндері, өлеңдері құлақтан кіріп, жүректі тербеді. Бұл тек қана бастамасы деп үміттенеміз, әлі де келеміз, әлі де көрермен боламыз» — деді көрермен Дастан Камалов.
«Қазіргі кезде адамдардың ішкі депрессиясы, ішкі түйсігі, ішкі әлемі көбіне шықпай жатады. Осындай кеш арқылы, қазір куә болып жатырмын, жастар эмоцияға беріліп көздеріне жас алып жатыр. Керемет бір демалып қалдық деп айта аламын. Мұндай кештер жетіспейді. Сондықтан, Жастар театры алдағы уақытта үлкен аудиториямен тағы да өткізеді деген сенімдемін» — деді көрермен Ислам Кадеров.
Көрерменнің ыстық ықыласы мен қолдауын сезінген театр әртістері де аянып қалмады. Олар жастар тарапынан осындай кештерді өткізу қажеттігі туралы ұсыныстың жиі түсетіндігін айтады. Сондықтан, көптің қалауын жерде қалдырмақ емес.
«Бүгінгі аудиторияның көңіл күйі күз секілді болды. Себебі, поэзия кешінің аты «Сағыныш». Мұңға, сағынышқа толы әдемі кеш болды деп ойлаймын. Сұраныс өте көп жастардың арасында. Әсіресе, инстаграмда жазып жатқан адамдар санын айтып жеткізе алмаймын» — деді Жастар театрының актрисасы Айгерім Силықова.
«Жастар» театры алғашында әуесқой ұжым болып өнер көрсеткен еді. Кейін Жастар жылына орай Махамбет атындағы академиялық драма театрының жанынан қайта құрылды. Қазіргі таңда олардың репертуарында 10-нан астам спектакль бар.