CaspianLife, 20 қаңтар — «Облыс әкімінің орынбасары пара алғалы жатыр» деп антикор қызметкерлерін құлағдар еткен атыраулыққа 12 миллион 200 000 теңге сыйақы берілді, деп хабарлайды CaspianLife.
Бұл – экс-шенеунік Нұрлан Таубаев кәсіпкерден алмақшы болған пара сомасының 10 пайызы. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің мәліметінше, 2022 жылы 134 азамат жалпы сомасы 40,6 миллион теңге сыйақы алған. Қаржылай ынталандырылғандардың көбі Атырау және Қызылорда облыстарының тұрғындары. Ереже бойынша ақша сот үкімі шыққаннан кейін беріледі. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет ақпарат берушілердің құпиялылығын толық қамтамасыз етеді. Ал биылғы 3 қаңтардан бастап азаматтардың бұл санаты куәгерлерді қорғау бағдарламасына түседі. 2022 жылы антикордың Call-орталығына 27 мыңнан астам адам қоңырау шалған, оның ішінде 233-і жемқорлық фактілеріне қатысты. 37 хабарлама бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталып, 18-і сотқа жіберілген. Антикорға түскен ақпараттың көпшілігі — қылмыстық және әкімшілік жауаптылыққа тартпағаны, «қамқорлық» көрсеткені үшін пара талап ету, өкілеттілікті асыра пайдалану, мемлекеттік сатып алу саласындағы бұзушылықтар және лауазымды тұлғалардың басқа да заңсыз әрекеттері туралы.