CaspianLife, 18 қаңтар — Маңғыстаулықтар мұз құрсауында қалған Каспий теңізін тамашалаймыз деп бастарын қауіпке тігіп жүр, деп хабарлайды CaspianLife.
Бірнеше күн бұрын қатып қалған теңіз әдемі кадр жасауға таптырмайтын жерге айналып үлгерген. Көпшілік мұндай сұлулықты көру бақыты бұйыра бермейтінін айтып, мүмкіндікті қалт жібермеуде.
«Мен мұндай әдемілікті 1960 жылы, нақтырақ айтқанда 2 жасымда көріп, қатты таңқалған едім. Күні кеше әлеуметтік желіден теңіздің қатып қалғанын көрдім. Адамдар қызықтап суретке түсіп жатыр. Шыны керек, теңіз бетіндегі мұз қатты қалың емес. Адам өміріне қауіпті» — дейді Ақтау қаласының тұрғыны Татьяна Жаворонкова.
Құтқарушылардың айтуынша, Каспийде мұндай құбылыс көп жылдан бері болмапты. Қазір жағалауды 500 метрге дейін мұз басқан. Алайда, оның ери бастауы – әдемі фонда суретке түсуге асыққан ақтаулықтарға тоқтау болар емес. Тәуекелге бел буып, естелік қалдыруға тырысып жатқандардың қарасы көп.
«Теңіз бен тұщы судың қатуы бірдей болмайды. Нақтырақ айтқанда, тұщы су көкшіл түсті әрі қалың боп қатады. Ал теңіздің суы қатқан кезде түсі ақшылдау болып өзгереді және мұз жұқалтақ болады», — дейді Маңғыстау облыстық ТЖД жедел құтқару жасағының басшысы Назар Ізтілеуов.
Қазіргі уақытта 30-ға жуық құтқарушы теңіз жағасын кезекпен күзетіп жүр. Төтенше жағдайлар департаментіндегілердің айтуынша, зардап шеккендер туралы ақпарат жоқ. Алайда, әлеуметтік желілерде мұз ойылып, тұрғындардың теңізге түсіп кеткен видосы тарап жатыр.