CaspianLife, 18 қаңтар — Ақпан айында облыстағы жұмыссыздарды 5 түрлі мамандық бойынша оқыту басталады, деп хабаралайды CaspianLife.
Нақтырақ айтқанда, жұмыс іздеп жүрген 150-ден астам азаматтың құбыр, бақылау-өлшеу аспаптары және автоматика бойынша монтаждаушы, электрмонтаждаушы, құбырларды, металл конструкцияларды дәнекерлеуші мамандықтарының бірін игеруге мүмкіндігі бар. Жұмыссыз ретінде ресми тіркелмегендер де бұл мүмкіндікті пайдалана алады. 16 қаңтар күні басталған іріктеу 21 қаңтарға дейін жалғаспақ. Оқыту процесі бірнеше айға созылады, бағдарламаның 30 проценті теория, қалғаны практикалық сабақ. Оқуға қабылданғандар тегін тамақпен және жатын орынмен қамтылады.
«19-20 жылдары тек жұмыссыз адамдардың қасында өткізетін болсақ, қазір кеңінен жасап жатырмыз. Бұған жұмыссыздықта тіркеуде жоқ, оның ішінде жастарымыз бар. Оларға да келіп, оқыңыздар, оқығаннан кейін, жұмыс беру орталығына тіркейсіздер, оқу бітіргеннен кейін біздер «Теңізшевройл» компаниясымен келістік барлық мердігер компанияларды жинастырады, одан бөлек ауданда жүзеге асып жатқан әлеуметтік-экономикалық нысандарды салып жатқан құрылыс компаниялары бар, жол салып жатыр, ЖКХ, инфрастурктураларды осы компанияларды шақырып жәрмеңке ұйымдастырамыз. Жәрмеңке 19 қаңтар күні де өтеді» — деді Атырау облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Азамат Мәмбетов.
Атырау облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы мен «Теңізшевройл» ЖШС арасындағы келісімге байланысты қолға алынған іс-шара нәтижесінде биыл 1 мың адамды оқыту жоспарланып отыр. Қазір басқарма қызметкерлері аудандарды аралап, іріктеу жұмыстарын жүргізуде. Осы кезге дейін Исатай, Құрманғазы, Индер, Махамбет аудандары тұрғындарының өтініштері қабылданған. Мамандар 18-қаңтарда Қызылқоғаға, 19-қаңтарда Мақат және Жылыой аудандарына барады. Ал 20-шы қаңтарда «АПЕК Петротехникалық жоғары колледжінің» базасында сағат 9.00 12.00 аралығында іріктеу жүргізбек. Жұмыссыздықпен күресуге арналған мұндай бастама 2019 жылы қолға алынған. Сол уақыттан бері 2000-ға жуық адам техникалық мамандықтар бойынша тәлім алып, 1300-дейі жұмысқа орналасыпты.