CaspianLife, 16 қаңтар — Ресей армиясы Днепрде көпқабатты тұрғын үйлердің бірін атқылады, деп хабарлайды CaspianLife.
Атыс салдарынан 20 адам қаза болып, 68 адам жараланған, 12-сі – бала. Ең кішісі үш жаста.
Үйінді астынан 38 адам шығарылған, құтқару жұмыстары жүріп жатыр. Ресей билігі оқиғаға түсініктеме бермеді. Украина әскерінің хабарлауынша, Днепрдегі көпқабатты тұрғын үйге теңіздегі ірі кемелерді жоюға арналған Х-22 ракетасы түскен. Олардың айтуынша, мұндай ракетаны әуе шабуылынан қорғайтын жүйе атып түсіре алмайды.
«Тұтас аудан өмір сүруге қажет жүйелердің барлығынан ажыратылды» — деді Днепр мэрі Борис Филатов.
Бір күн ішінде Ресей армиясы осымен Украина аумағын екінші рет атқылап отыр. Сенбі күні таңертең Ресей Киевтегі маңызды инфрақұрылымдарға шабуыл жасаған.
Киев маңындағы Бучада және Украина бақылауындағы Запорожьеде де жарылыс болғаны хабарланды.14 қаңтарда елдің алты аймағында әуе дабылы іске қосылған.
Украина қарулы күштерінің мәліметнше, 14 қаңтарда Ресей армиясы үш авиа және шамамен 50 ракета соққысын жасаған. Одан бөлек, дүркіндете ататын жүйемен де шабуыл ұйымдастырған.
Украина сыртқы істер министрлігі Украина инфрақұрылымына келген шығын 127 млрд доллардан асқанын хабарлады.