CaspianLife, 11 қаңтар — Бүгін Атырауда ҰБТ басталады, деп хабарлайды CaspianLife.
10 ақпанға дейін өтетін тестілеу — ақылы. Ал, мемлекеттік және жергілікті грантқа ие болғысы келетін түлектердің мамыр-маусым айында өтетін ҰБТ-ға міндетті түрде қатысулары қажет.
«Бітіруші түлектер жылына 4 ҰБТ тапсырады. Қаңтар, наурыз және тамыз айларындағы ҰБТ мен мектеп бітіруші түлектер ақылы негізде оқуға түсуге мүмкіндік алады. Және бұл тестілеу ақылы болып табылады. Мемлекеттік грант және басқа да жергілікті грантты алу үшін түлектер мамыр және маусым айларындағы тестілеуге міндетті түрде қатысуы керек және ол тегін болып табылады» — деді Атырау облыстық білім беру басқармасы басшысының орынбасары Айнгүл Дүйсекенова.
Ұлттық бірыңғай тестілеу Атырау және Құлсары қаласында өтпек. 11 сынып оқушылары тестілеуді қай күні және қай жерде тапсыратынын өздері таңдай алады.
«Биылғы ҰБТ-дағы өзгерістер мен тәртібі туралы ата-аналармен түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Тестілеу кезінде әкелуге тыйым салынған заттар туралы түсіндірме жұмыстары да жүргізіліп, жалғасуда» — деді Атырау облыстық білім беру басқармасы басшысының орынбасары Айнгүл Дүйсекенова.
Биыл 5683 оқушы мектеп бітіреді. Оның 5045-і ҰБТ тапсыруға өтініш беріпті. Бұл мектеп бітірушілердің 88 пайызы.