CaspianLife, 20 желтоқсан — Атырауда ерекше балалар мен «Шаңырақ» балалар ауылының тәрбиеленушілеріне арналған жаңа жылдық ертеңгілік өтті, деп хабарлайды Caspian Life.
Оған барлығы 200-ге жуық бала қатысып, тек қойылымды тамашалап қоймай, әртістердің кейбір іс-әрекеттерін қайталады. Танымдық ақпараттарға қанықты.
«Көбіне ауыр диагнозы бар балалар мұндай мерекелік шараларға қатыса алмайды. Бүгін «Жібек жолының» шақыртуымен үйде отырған көптеген балалар келіп, керемет эмоция алып жатыр. Ата-аналары да дән риза», — дейді қала тұрғындарының бірі Гүлжан Құсайынова.
Қойылымнан кейін балалар жаңа жылдық шыршаның шамын жағуға қатысып, Аяз Ата-Ақшақармен суретке түсіп бір жадырап қалды. «Жібек жолы» өнер орталығының жетекшісі Әйгерім Хожаева бұл шараға екі ай көлемінде дайындалғанын айтады.
Атырау қаласы әкімдігінің қолдауымен өткен іс-шараны ұйымдастырушылар бұл тек бастамасы деп отыр. Олар алдағы уақытта да кішкентай бүлдіршіндерді қуантпақ ниетте.