CaspianLife, 19 желтоқсан — Атырауда республикалық «Шабыт» қолөнершілер фестивалі өтті, деп хабарлайды Caspian Life.
Тәуелсіздік күніне орайластырылған іс-шараға жергілікті 35 шебер қатысып, көпшілік назарына өздері жасаған түрлі бұйымды ұсынды. Ұлттық нақыштағы киім-кешек, аксессуарлар мен басқа да заттар атырулықтардың көңілінен шықты деуге толық негіз бар. Оған фестивальді тамашалауға келгендердің көп болғаны да дәлел. Фестивальде қолөнершілер жәрмеңкесінен бөлек, концерттік-мерекелік бағдарлама мен отандық дизайнерлердің сән көрсетілімі болды.
«Мұндай шаралар ары қарай да жалғасын табады. Кейін басқа қалаға барамыз. Сондай-ақ, шетелдерге де шықсақ деймін», — дейді ұйымдастырушы Гүлшара Жұбаева.
Қолөнер — туризмнің ажырамас бөлігі. Себебі, елімізге келген туристер табиғатты тамашалап, көрікті жерлерді көріп қана қоймай, мәдени мұраларымыз бен қолөнерімізге де қызығушылық танытады. Ұйымдастырушылар осындай іс-шаралардың алдағы уақытта да өтетініне сенімді.