CaspianLife, 9 желтоқсан — Кәсіпкерлер өңір инфрақұрылымының дамуына үлес қосуда. Солардың бірі – Елшібек ауылынан салынған футбол алаңы. «Еділ-Орал.кз» компаниясының қаржылай қолдауымен бой көтерген нысан құрылысы 1 ай бұрын басталған еді. Бүгін салтанатты түрде ашылу рәсімі өтті, деп хабарлайды CaspianLife.
Компания басшысы «жергілікті балалар арасында футболға деген қызығушылықтың жоғары екендігін» байқаған соң алаң сыйға тартуды ұйғарыпты. Алаңның жоғары жағына тор жабындысы тартылып, жарық та орнатылған.
«Бұл да бір – мереке! Елшібек тұрғындарын футбол алаңының ашылуымен құттықтаймын. Осы алаңнан еліміздің атын әлемге танытатын Роналду мен Месси секілді футболшылар шығады деп сенемін», — «Еділ-Орал.kz» компаниясының басшысы Серік Амангалеев.
Бұған дейін жоқтан бар жасап, соны қанағат етіп жүрген ойын балаларының қуанышында шек жоқ.
«Осы аумақтағы құмда тастардан қақпа жасап ойнайтын едік. Өзім футболға қатысамын. Футболист болуды армандаймын. Жаңа алаңның салынғанынан өте қуаныштымын», — деді балалардың бірі Дамир Сансызбай.
Жастардың болашағы мен салауатты өмір салтын қалыптастыру үшін игі шараларды қалалық әкімдікпен бірлесе атқарып жатырған кәсіпкерлерге қала әкімі Мейірім Қалауи өз ризашылығын білдіре отырып, тұрғындарға қолданысқа берілген футбол алаңын күтіп ұстау қажеттігін жеткізді. Өз кезегінде тұрғындар жаңа ойын алаңы үшін мердігер мекемеге алғыстарын білдірді.
Айта кетейік, қалада тозығы жектен 48 футбол алаңдары да жөнделуде. Оныың жиырмаға жуығы жылдың соңына дейін жөнделіп, қолданысқа беріледі, қалған 28 келесі жылы іске қосылады.