CaspianLife, 12 желтоқсан — Атыраулықтарға IPhone алып беруге уәде беріп, 5 млн теңгені жымқырған 45 жастағы алаяқ ұсталды, деп хабарлайды Caspian Life.
ПД-нің баспасөз қызметі хабарлағандай, тұрғындарға алаяқтық туралы түсіндірме жұмыстары жүргізілгенмен, алданып қалатындар азаймай келеді. Мәселен, биыл 23 қараша мен 3 желтоқсан аралығында 45 жастағы әйел адам 34, 18 және 27 жастағы қала тұрғындарын «Iphone 13 Pro» смартфонын арзан бағаға алып беремін деп 3 868 000 теңге көлемінде қаражат жымқырған. Ол одан бөлек, 31 жастағы атыраулыққа тұрмыстық техника алып беремін деп 1 598 500 теңгесін заңсыз иемденген.
Полицейлер күдіктіні анықтап, қолға түсірді. Қазіргі таңда, оған қатысты ҚР КҚ-нің 190 бабы, 3 бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстары жүргізілуде.
«Осы ретте, Атырау облысы Полиция департаменті тұрғындар мен қонақтар назарына: алаяқтардың арбауына ермей, кез келген мәселені заң жүзінде шешу керектігін ескертеді. Егерде сіз алаяқтық қылмысына куә болсаңыз немесе құрбаны болсаңыз, «102» арнасына хабарласуларыңыз сұралады. Дер кезінде берілген ақпарат қылмыстың тез ашылуына ықпал етеді», — делінген полиция департаментінің хабарламасында.