CaspianLife, 23 қараша — Атырауда ғимараттардың қабырғасындағы есірткі жарнамалайтын граффитилерге қарсы күрес күшеюде. Бұл істе еріктілер де белсенділік танытуда. Мысалы, олар күні кеше ықшам аудандардың бірінде орналасқан гараждардағы граффитилерді арнайы бояудың көмегімен кетірді, деп хабарлайды Caspian Life.
«Көбіне тұрғындар осыған байланысты шағым түсіреді. Сондықтан, осы шараны қолға алып, іске асырып жатырмыз. Бұған дейін осындай грффитилердің 11-і өшірілді. Бұл шара ары қарай да өз жалғасын табады. Ал, бүгін осы шағын ауданға келіп 30-дан астам граффитидің көзін жойдық», — дейді Атырау қалалық жастар ресурстық орталығының басшысы Асылхан Төлеген.
Жалпы жыл басынан бері қала аумағында есірткіні жарнамалайтын 230-дан астам граффити жойылған. Дилерлер граффитилерді жастар жиі жүретін жерлерге жиі салады. Сондықтан, еріктілер мен полицейлер мұндай жазбаларға бейжай қарамай, байқаған бойда құқық қорғау органдарына хабарлауға шақырып отыр. Елімізде есірткі құралдарын, психотроптық заттарды насихаттаған және заңсыз жарнамалаған азаматтар Қылмыстық кодекстің 299 бабының 1 бөлігі бойынша заң алдында жауап береді.