CaspianLife, 3 желтоқсан — Ақтауда «МАЭК-Қазатомөнеркәсіптің» меншік иесі ауысты. Нақтырақ айтсақ, өңір халқын сумен және электр энергиясымен қамтып отырған энергокомбинат Маңғыстау облысы әкімдігінің балансына өтті. Осылайша шенеуніктер кәсіпорында қордаланып қалған мәселелерді шешпек ниетте.
Бірақ компаниядағы 80 пайыз құрылғының тозып тұрғанын ескерсек, бұл оңай болмайын деп тұр. Ал оны жаңғыртуға ондаған миллиард теңге қажет. Бұған дейін облыс тұрғындары тариф өсіп кете ме деп қауіп қылып мемлекет басшысының атына петиция жазған болатын.
Тарифті тағы да көтеру оның баламасына қолы жетпейтін тұтынушыларға қиындық әкелгелі тұр. Бұған өңір халқы мен орта және шағын бизнес өкілдерін жатқызуға болады. Және мұның соңы аймақтағы әлеуметтік шиеленістің күшеюіне әкелуі мүмкін.
Энергокомбинаттың ашылғанына 70 жылға жуықтады. Мамандардың сөзінше, ондағы құрылғылар тек 1980 жылдың аяғында жаңартылыпты. Мұнда үш жарым мыңнан астам адам еңбек етеді. Олар ұжымның ендігі тағдырына алаңдаулы. Шенеуніктер өз кезегінде модернизация мәселесі мен штаттық кестеге қатысты былай дейді:
«Қазіргі таңда «МАЭК Қазатомпром» ЖШС ҚР Үкіметінің 930-шы қаулысына сәйкес 100% алу-беру акциясы негізінде жұмыстар жүріп жатыр. Мұнда ешқандай өзгеріс болмайды. Ол жерде бұрынғы кәсіпорынның бекітілген тариф негізінде жұмыс істей береді».
Енді обьектіні жаңарту және жаңғырту жұмыстарына қанша қаражат бөлінетіні белгісіз. Қазіргі таңда жергілікті атқарушы орган оны есептеумен айналысып жатыр.
Осы жылдың соңына дейін техникалық-экономикалық негіздеме жасақталады. Оның ішінде 2030 жылға дейін жасалуы тиіс жөндеу жұмыстары туралы мәліметтер бар.