CaspianLife, 9 қараша — Каспий теңізінің жағалауынан 140-қа жуық өлі итбалық табылды. Өлекселер Түпқараған ауданындағы Баутино елді мекенінің жағалауында жатыр. Бұл туралы ақпарат Каспий итбалығын зерттеу орталығына 7 қарашада түскен.
Қазіргі кезде оқиға орнында зерттеу жұмыстары жүргізілуде. Итбалықтардың жаппай қырылуына не себеп болғанын анықтау мақсатында олардың тіндері зертханаға жіберілді. Оқиға орнына Маңғыстау облыстық балық шаруашылығы басқармасының өкілдері, табиғатты қорғаушылар, экологтар мен жергілікті тұрғындар барған болатын.
«Маңғыстау облысы Түпқараған ауданы Баутино елді мекен аумағында Каспий теңізінің жағалауында 139 итбалықтың өлген ұшалары жиналды. Қазіргі таңда, 9 қараша күні итбалықтардың өлу себебін анықтау мақсатында ғылыми институттары келуде және сол жерде Маңғыстау облысының Каспий итбалығын зерттеу және оңалту орталығы қызметкерлер бар. Итбалықтарды сойып, құзырлы органдар қажетті сынамаларды алуда», — дейді Маңғыстау облыстық балық шаруашылығы басқармасының басшысы Арман Молдашев.