CaspianLife, 3 қараша — «Қазақ соқырлар қоғамы» қоғамдық бірлестігінің Атыраудағы филиалының мүшелері басшының өздерімен санаспайтындығына наразы. Айтуларынша, жыл сайын демеушілерден, арнайы ұйымдардан қомақты қаражат бөлінгенмен, оның қызығын бұлар көріп отырған жоқ. «Және мерекелік іс-шаралардан да үнемі шет қаламыз», — дейді зағип жандар.
Ал филиал басшысы Аманқос Әбдешев қарамағындағы азаматтармен кездесуге келген жоқ. Жақыны дүниеден озып, сонда жүрген көрінеді. Бірақ, осы жағдайға байланысты телефон арқылы түсінік беруге тырысты.
«Көмектескен споносорлардың сәйкесінше олар көмектерін алып отыр. Оны дәлелдейтін ведомство барлығы бар. Манағы спонсор көмектесті, сол көмекті банағы мүмкіндігі шектеулі жандарға список бойынша барлығына үйлестіріп таратып беруге тырысамыз. Олар келіп ведомствоға қол қойып алып кетеді. Барлығына бірдей жеткілікті беріледі деп айта алмаймын, бізге қалай көмек келеді, 250 адамның барлығын бірдей қамту мүмкін емес», — дейді қоғамдық бірлестіктің Атыраудағы филалының төрағасы.
Наразы топ Әбдешевтің өзі арамызға келіп, мән-жайды түсіндіріп, құжаттарды көрсетпейінше тынышталмаймыз дейді. Және түскен қаражаттың кімге, қалай бөлініп жатқандығын анықтау мақсатында тиісті орындарға арыз жазбақ.