CaspianLife, 1 қараша — Атыраулық спортшылар Азия біріншілігінде 11 медаль жеңіп алды деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Қазан айының 25-28 аралығында Қарағандыда өткен NOMAD MMA бойынша IV Азия ашық чемпионатына Қазақстан, Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Иран, Пәкістан, Бангладеш елдерінің 800-ге жуық спортшысы қатысты.
Азия біріншілігіне Атыраудан 15 спортшы қатысып, 4 алтын, 4 күміс және 3 қола медальге ие болды. Олардың қатарында ересектер арасында Қуандық Бекназаров, Айбат Төлеген және Асылжан Қуандыққызы чемпион атанды. Самат Жағыпаров пен Темірғали Өтемісов күміс және Жұмабек Мыңбай үздік үштікті түйіндеді.
«Бұл чемпионатқа біз екі ай көлемінде дайындалдық. Шәкірттерім аталған спорт түрімен үш жылдан астам уақыт айналысады. Жарыс өте жоғары деңгейде өтті. Алдағы уақытта әлі де үлкен белестерді бағындырамыз», — деді аға жаттықтырушы Азамат Уразгалиев.
Жастар арасында Мухаммед Жулдаев пен Саида Нұрғалиева күміс жүлдегер атанса, Әділбек Акимов пен Рада Александр қола медальды қанжығаларына байлады. Жасөспірімдер арасында Дамир Мағаз құрлық біріншілігінің чемпионы атанды.
Одан бөлек, чемпионат аясында Қуандық Бекназаров пәкістандық спортшымен «N1 LEGION» турнирінде жекпе-жек өткізіп, чемпиондық белбеуге ие болды.