CaspianLife, 31 қазан — Атырауда тұрғындарға тұмауға қарсы екпе салынып жатыр. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі берген мәлімет бойынша, үкімет резервінен облысқа 65 мың доза вакцина бөлінген. Қазір оның тек 47 мыңы игеріліпті.
Атыраулықтарға Ресейде шығарылған «Гриппол плюс» вакцинасы салынуда. Ақысыз түрде. Алайда алғашқы кезекте осал топтағы азаматтар қамтылады.
«5 жасқа дейінгі баланы, 65-тен асқан егде тартқан адамдар жүкті әйелдер, әртүрлі созылмалы аурулары бар адамдар, оның ішінде қантамыр ауруы, тыныс алу жолдары, диабет дейтін аурулары өте қатерлі болып есептеледі. Себебі, бұл осал топтағы адамдар. Сондықтан аурудың алдын-алудың бір тәсілі — екпе алу», — дейді №4 қалалық емхананың эпидемиолог дәрігері Тілепберген Хамзин.
Мамандардың айтуынша, вакцинаны тұмау жаппай етек алмай тұрып, 1-2 ай бұрын алған абзал. Өйткені осы уақыт аралығында адам бойында ауруға қарсы иммунитет қалыптасып үлгереді.