CaspianLife, 21 қазан — Жылыойлық оқушы әлемнің 15 университетінен шақырту алған. Бұл туралы аудан әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Қазіргі таңда Нұрсипат Нұрманбетова АҚШ-тың Нью-Йорк штатындағы әлем бойынша ең үздік 10 жоғары оқу орнының қатарына кіретін Пейс университетінің нейрохирургия медицина факультетінде білім алуда. Нұрсипатқа кампуста тегін тұруға арналған грант және 150 000 $ стипендия тағайындалған.
17 жасар қыз Жылыой ауданы Далабай Жазықбаев атындағы № 16 орта мектепті тәмамдады. Оқушы кезінен көзге түскен Нұрсипат туралы «Ең үздік» журналында мақала жарияланып, «Дарындының дара жолы» кітабында өмірбаяндық деректері жазылған. Сонымен қатар, Нұрсипат БҰҰ Model Congress халықаралық конференциясына қатысып, «ХХІ ғасыр үздігінің моделі» атанды.
«Бүгінде әлеуметтік желілерде отандық медицина жиі сынға алынады. Әрине, еліміздегі медицина мәселелері әлі де өзекті, білікті мамандар тапшы. Бірақ барлығы дұрысталады деп ойлаймын. Сондықтан болашақ мамандық ретінде осы саланы таңдадым. Мен жақсы білім мен тәжірибе алу үшін шетелде оқуға шешім қабылдадым. Оқуым аяқталғасын туған жеріме ораламын. Болашақта жеке клиника ашып, дұрыс диагноз қоя алатын, сапалы ем жүргізе алатын білікті маман болғым келеді», – дейді Нұрсипат.
Нұрсипат шетелде алған білімі мен тәжірибесін туған жерге келіп жүзеге асыруды жоспарлап отыр.