CaspianLife, 21 қазан — Атыраудағы ««Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ-ның филиалы БАҚ өкілдеріне арнап баспасөз турын өткізді. Онда түрлі бағыттағы кәсіпорын иелері қандай мемлекеттік бағдарлармаларға жүгінгендерін айтып берді.
Мағжан Ысқақова жұбайы Ақбота Нұржанқызымен бірге Астана медицина университетін бітірген соң, «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша Целиноград ауданындағы Ақмол ауылына барды. Бірнеше жылдан кейін Атырауға шақырту алып, қаладағы тіс емханаларының бірінде еңбек етті.
Жеке клиника ашқысы келген Мағжан «Forte Bank» АҚ «Бизнестің жол картасы 2025» бағдарламасының 2-бағыты аясында жылдық 14,5% субсидия алды. Онда мемлекеттің субсидияланатын бөлігі 8,5% құрады, ал 6 пайыздық айырмашылықты кәсіпкер өзі төлейді.
Алдағы уақытта кәспкер «Munar» ЖК стоматологиялық зертханасын ашып, клиенттік базасын арттыруды жоспарлап отыр.
«New Eco City» ЖШС тозған шиналарды қайта өңдеу, резеңке үгінділерін өңдіру мен сату, сондай-ақ резеңке жабындарын жасап шығарумен айналысады. Компания Атырауда 2018 жылы ашылған.
«New eco City» ЖШС-нің резеңке-техникалық бұйымдар өндірісін кеңейту жөніндегі жобасын «Бизнес жол картасы-2025» МК шеңберінде Атырау қаласының «Қазақстан Халық Банкі» АҚ жылдық 14% пайыздық мөлшерлемені субсидиялау бөлігінде қолдады, онда сыйақы мөлшерлемесінің 6% — компания төлейді, ал 8% айырмасын мемлекет субсидиялайды. Сондай-ақ, компания «Даму» Қорының кредит сомасының 37% мөлшеріндегі кепілдігін пайдаланды.
Сондай-ақ, «SOVA» зиякерлік мектебінің басшысы да мемлекеттік қолдауға ие болды. Осыдан 2 жыл бұрын «БЖК-2025» МК шеңберінде мемлекеттік қолдаудың арқасында кәсіпкер Назымгүл Сағналиева Атырау қаласында «SAPSAN» интеллектті дамытудың кешенді бағдарламасын қолдана отырып, «SOVA» зияткерлік мектебін ашты.
Сонымен бірге, мұнымен тоқтап қалмай, Назымгүл Сағналиева өз бизнесін кеңейтіп, Атырау қаласында математика мен ағылшын тілін тереңдетіп оқытатын 1-4 сынып оқушыларына арналған білім берудің жетекші педагогтарын шақыра отырып, жеке мектеп ашуға шешім қабылдады.
Мектепте жалпы білім беретін сыныптар, кітапхана, спортзал, балалар психологы кабинеті, медбике кабинеті, асхана қарастырылған. Жаңа мектеп бірінші қыркүйекте есігін айқара ашты, онда кішкентай балалар білім ала бастады.
«Қазақстан Халық Банкі» АҚ жылдық 18% мақұлдаған «Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасы» бағдарламасын іске асыру шеңберінде мемлекеттік қолдау жеке мектепке жылжымайтын мүлік сатып алуға көмектесті, онда кәсіпкер небәрі 6% төлейді.
Биыл Атырау қаласында «Elza&ART» дизайнерлік студиясы ашылды. Студия иесі Эльза Калиева білімі бойынша — қаржыгер. Бірнеше жыл ҰҚК-да корпоративтік сатудың бас менеджері болып жұмыс істеді. Шығармашылық қырын дамытқысы келген кәсіпкер өз бизнесін ашуға бел буды.
2016 жылы Алматы, Астана қалаларында киім дизайнерлерінің курстарын сәтті аяқтап, ол өз командасын жинап, дизайнерлік ателье ашуға шешім қабылдады. Сол жылы оның «Атырау аруы» байқауында алғашқы сән көрсетілімі өтті. Жұмыс барысында Калиеваның өз клиенттері пайда болды, Атыраудың жетекші компанияларынан жеке тапсырыстар түсе бастады.
2019 жылы «Бизнес Леди Қазақстан» жобасы бойынша Францияда өткен «Қазақстан күзі» шоуына қатысып, «VOGUE» журналы мен «DIOR», «PRADA» әлемдік сән үйлерінің өкілдерін киімдегі этникалық стилімен таң қалдырды. 2021 жылы Астанада «Bissness Lady Kazakhstan» ұлттық киімдерінің үздік дизайнері, Түркістан қаласында өткен «Nomad Fashon Day» байқауының Гран-при иегері және үздік дизайнері атанды. Мамыр айында Астана қаласында өткен «ULTTYQ ÓNIM» көрмесіне де қатысты. Қазіргі таңда кәсіпкер өз тәжірибесімен бөлісу үшін шеберлік сабақтарын өткізіп жүр.
«Қалиева» ЖК-ның жылжымайтын мүлікті сатып алу жобасы «ДКБ-2025» МК 2-бағыты аясында «Банк Центр Кредит» АҚ-мен мақұлданды, онда Қордың кепілдігі кредит сомасының 22%-ын құрады.