CaspianLife, 14 қазан — Атырауда мектеп оқушысы мұғалімін итеріп жіберген. Бұл туралы мектеп директоры хабарлады.
Оқиға 11 қазанда болған. №24 орта мектептің 7 сынып оқушысы тарих сабағында БЖБ орындау кезінде берілген тапсырманы орындамай отырған. Мұғалім не себепті жазбай отырғанын білу үшін қасына барған кезде, оқушы ұстазын итеріп жіберген. Салдарынан педагог еденге құлап, жарақат алды.
«Сол сәтте ата-аналар шақырылып, хабардар болды. Қазіргі уақытта оқушының ата-анасы мұғалімнен кешірім сұрады», — деп мектеп директоры Х.Е.Ли мәлімдеді.
Ұстаз оң қолынан жұмсақ тін жарақатын алған. Қазіргі таңда үйден ем алуда. Ал, тәртіп бұзған оқушы мектепішілік есепке алынып, кәмелетке толмағандардың ісі бойынша комиссияға жолданатын құжаттары жасақталуда.