CaspianLife, 10 қазан — Атыраулық полицейлер интернет-алаяқтардың көбейіп кетуіне байланысты ескерту жасады.
«Қазіргі таңда өзекті мәселелердің бірі — халық арасында оңай жолмен табыс табу мәселесі. Яғни, алаяқтар интернет желісі немесе жәбірленушілермен сұхбат жүргізу арқылы сенімдеріне кіріп, қызығушылық танытып, осы қаржылық пирамидаларға азаматтарды үгіттеп, ақшаларын құюға итермелейді», — делінген облыстық ПД-нің әлеуметтік парақшасында.
Мұндай алаяқтардың арбауына түспес үшін онлайн несие рәсімдеу кезінде, интернет арқылы сауда-саттық кезінде және телефон арқылы жеке деректерді жариялау кезінде сақ болу қажет.
Алаяқтар тауар немесе қызмет үшін алдын ала төлем жасауды немесе, банктік шот пен QIWI әмияны арқылы ақша аударуды сұрап, кейін хабарсыз кетеді.
Сондай-ақ, қазіргі таңда өзін банк қызметкері ретінде таныстыратындар көбейген. Олар картамен жүргізілген операцияны бұғаттаймыз деп CVV кодты сұрауы мүмкін. Естеріңізде болсын, банк қызметкерлері мұндай ақпаратты сұрамайды. Сондықтан, осындай жағдайға тап болсаңыз сөйлесуді дереу тоқтату қажет.
Одан бөлек, банк картасының нөмірін, жеке деректерді ешкімге хабарламаңыз және белгісіз адамдарға ақша аудармас бұрын банк желісіне хабарласып алушының алаяқ емес екеніне көз жеткізіңіз.
«Сонымен қатар, егде жастағы туыстарыңыз бен балаларға бейтаныс адамдарға сенбеуін ескертіңіз. Себебі, көп жағдайда егде адамдар мен жасөспірімдер алаяқтардың қармағына түсіп жатады. Сақтық шараларын ұмытпаңыздар», — деп ескертеді облыстық полиция департаменті.