CaspianLife, 5 қазан — Атырауда мал сою және ет сату кешені ашылды. Енді ет қаладағы базарлар мен сауда нүктелеріне дәл осы кешеннен жеткізілетін болады.
Кәсіпорын заманауи техникалармен жабдықталып, барлық процесс автоматтандырылған. Мұнда мал сою қондырғысынан бөлек, ет сататын павильондар және 20 орындық асхана бар. Нысанда малды сою, етті бұзу процесі халықаралық «халал» стандартына негізделген дейді мекеме басшысы.
«Ең бастысы, бұл жер – санитарлық талаптарға сай және де барлық келушілерге арналған күту залы бар. Сапалы қызмет көрсетеміз. Тәулігіне 150-ден аса мал қабылдай аламыз. Сойылған еттерді сақтайтын 20 тонналық салқындатқыш бар», — дейді ет орталығының басшысы Азамат Хайруллин.
Кешенде кез-келген адам малды көзінше сойғызып алса болады. Ол үшін арнайы күту залы бар. Жобалық құны 250 млн теңгеден асатын ет орталығында 50-ге жуық адам жұмыс істейді.
«Санитарлық-ветеринарлық талаптарға сойылады, оған қоса бағаны тұрақтандыруға көп әсерін тигізетін жоба. Кешеннің ішінде тек мал сою пункті емес, сауда орындары да қарастырылған», — дейді қалалық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Руслан Дәулетов.
Бүгінгі таңда кешен қаладағы 2 базар мен 5 сауда орнына қызмет көрсетіп отыр.