CaspianLife, 21 қыркүйек — Жылыойлық кәсіпкер өз ауласында асыл тұқымдас ешкілерді өсіріп, өз фермасын ашты деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Аманжан Құсайыновтың ешкі өсірумен айналысып келе жатқанына 8 жылдай болды. Қазіргі таңда 50 бас асыл тұқымды француз альпі ешкісін бағуды қолға алған. Бұл малдың қарапайым ешкіден ерекшелігі жеген азығының 90%-ы сүтке кетеді. Яғни өзге тұқымдағы ешкілер күніне 1 литр сүт берсе, альпі ешкісі 3 литрге дейін береді. Оларды Мәскеу арқылы Франциядан әкелген. Басында үш ешкі алғанымен, өсіре келе олардың саны елуге жеткен. Бүгінге кәсіпкер өз тұтынушыларына ешкі сүті мен өнімдерін ұсынып отыр.
«Алғашында ешкі сүтін ұлының емі үшін ғана пайдаландым. Кейін оны отбасылық кәсіпке айналдырдым. Ешкінің шөбін арнайы гидропоникалық құрылғының көмегімен дайындасақ, жемді әртүрлі қалалардан алдырамын. Мәселен, арпаны Орал қаласынан жеткізіп отырмыз. Ал ешкіні сауу қолмен емес, озық технологияның көмегімен жүзеге асады және сауылған сүттен сепартор арқылы қаймақ, сүзбе, йогурт жасалады», — деді А.Құсайынов.
Кәсіпкер мал шаруашылығымен айналысуда сүтті ешкі шаруашылығы туралы ақпараттардың аздығы кедергі келтіреді. Сол себепті алдағы уақытта ағылшын тілін үйреніп, Европаға ешкі фермасына тәжірибеден өткісі келеді.