CaspianLife, 5 қыркүйек — Атырау облысы әкімінің бұрынғы орынбасары Бақтыгүл Хаменованың ісіне қатысты соттың үшінші отырысы өтті. Бұл жолы сөз тағы да куәгерлерге берілді.
Солардың бірі қалалық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Нұрбек Ахмедьяров өз сөзінде Абай ескерткішіне қатысты Бақтыгүл Хаменовамен байланыспағанын айтты. Оның айтуынша, ескерткішті орнату туралы шешім ол қызметке келмес бұрын қабылданған. Ал, аталмыш нысанға бөлінетін қаржыға қатысты тапсырманы мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының экс басшысы Ақылбек Рысқалиев беріпті.
Сотта Нұрбек Ахмедьяровтан бөлек, «Асыл өлке» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Орынша Макеева да куәлік етуде. Ол былтыр қазан айында өткен «Ұлық Ұлыс – Алтын Орда» конференциясы туралы айтты. Алайда, бұл іс-шараның Абай ескерткішіне нақты қандай қатысы бар екендігі алдағы сот отырыстарында белгілі болмақ.