CaspianLife, 9 тамыз — Атырау облысында пробация есебінде тұрған азаматтар арасында қайталап қылмыс жасау дерегі 50%-ға артқанн. Сондықтан, сотталушылар енді арнайы білезіктер арқылы бақыланатын болады деп мәлімдеді облыстық қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің пробация бөліміне басшылық ету бөлімінің басшысы Артур Иманов.
Құрылғыны ҚР Ішкі істер министрлігі жіберген. Әзірге өңірге 70 білезік әкелінді. Оның тең жартысы жазасын өтеуші қала азаматтарына тағылса, қалған 35-і аудандарға жеткізіледі.
«Білезік арқылы күндіз де, түнде де жазасын өтеушілердің қайда екенін білуге болады. Оның денсаулыққа еш зияны жоқ. Осының арқасында қызметкерлердің жұмысы жеңілдеп, заң бұзушылар саны азаяды деген үміттеміз. Дегенмен пробациядағы мамандардың кешкі 22:00-ден кейін жүргізетін рейдтік іс-шаралары да тоқтамайды», — деді Артур Иманов.
Білезікті ең алдымен педофилдер мен қайталап қылмыс жасаған азаматтарға тағуға басымдық беріледі. Айта кетейік, бүгінде облыстағы пробация есебінде 1045 азамат бар. Жоспар бойынша, олардың барлығы заманауи білезікпен жыл соңына дейін қамтылатын болады.