CaspianLife, 4 тамыз — «Атырау» ӘКК жыл сайын шығынға батуына байланысты, облыстық Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет департаменті АҚ-ның жұмысын сынға алды.
Атап айтсақ, «Атырау» ӘКК корпорациясы АҚ қызметінің 2019 жылы шығыны 718 млн.265 мың теңгені, 2020 жылы – 779 млн. 891 мың теңгені, 2021 жылы – 1 млрд. 055 млн. 586 мың теңгені құрады.
Антикордың пікірінше, тәуекелі жоғары жобаларға қаражат салу және нәтижесінде ақшаны жоғалту; салынған қаражатты қайтарудың әлсіз кепілдіктері бар сапалы емес шарттар; өнімділігі төмен жекелеген департаменттердің штат санының көптілігі, сондай-ақ функциялардың қайталануы; кадрларды іріктеуде ашықтықтың болмауы және тәртіптік жаза қолданылған кезде оларға сыйақы беру, функционалдық міндеттер жүктелмеген лауазымдардың болуы, мысалы, ӘКК Төрағасының кеңесшісі және т.с.с. себептерден бөлінген қаражат желге ұшқан.
«Кез-келген адам жылқыны немесе сиырды ұрласа түрмеге қамалады, ал мұнда жүздеген миллион теңгеге шығын келеді және ешкім жауап бермейді, барлығы тиімсіз басқаруға сілтеме жасалады. Бұл дұрыс емес», — дейді Облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы департамент басшысының бірінші орынбасары Есқали Саламатов.
Өз кезегінде «Атырау» ӘКК АҚ Басқарма Төрағасы Данияр Таханов жақын арада осындай бұзушылықтарға алдағы уақытта жол бермеу үшін ұйымдастырушылық-құқықтық шаралар қабылданатынын жеткізді. Сондай-ақ, аталған шығындар өзіне дейін пайда болғанын және болашақта ӘКК өңірге тек пайда әкелуі үшін барлық күш-жігерін салатынын атап өтті.