CaspianLife, 17 маусым — Ел бойынша барлығы 6 302 ауылдық елді мекен болса, оның ішінде 4 759-ы сумен қамтамасыз етілген. Қалған 1 543 ауылдық елді мекенді сумен жабдықтау үшін кезең-кезеңімен қамтамасыз ету жоспары әзірленді. Бұл туралы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев мәлімдеді.
«Ұлттық жоба шеңберінде сумен жабдықтау қызметтерін 100 пайызға жеткізу үшін мемлекеттік бюджеттен 498 млрд теңге, оның ішінде ауылдарға 261 млрд теңге қарастырылған. Биыл ауылдарға 95 млрд теңге көзделген, бұл жыл қорытындысы бойынша ауыл халқының ауызсумен қамтамасыз етуін 94,7 пайызға жеткізуге мүмкіндік береді», — деді ведомство басшысы.
Ауылдарды ауызсумен қамтамасыз ету бойынша тізімнің басында Маңғыстау облысы тұр. Бірақ тұщы су көздерінің жетіспеушілігіне байланысты, әсіресе жазда, халыққа су кесте бойынша беріледі екен.
«Жазғы кезеңде тәулігіне 51 мың текше метр ауыз су тапшылығы туындайды. Өңірдің даму деңгейін ескере отырып, тапшылық 2025 жылға қарай тәулігіне 110 мың текше метрді құрайтын болады. Аталған проблеманы шешу үшін Маңғыстау облысының әкімдігі 8 тұщыландыру зауытын салуды жоспарлап отыр. Бұл мақсатқа облысты әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған, бекітілген кешенді жоспары шеңберінде қаржыландырудың барлық көзінен 232 млрд теңге жұмсалмақ. Оның ішінде республикалық бюджеттен 83 млрд теңге қарастырылмақ», — деді Өскенбаев.