CaspianLife, 13 маусым — Индер ауданындағы Өрлік ауылдық округінде өткен жылы басталған жол салу жұмыстары биыл жалғасты. Барлығы 18 көшеге ұзындығы 14 шақырымға жуық жол түспек. Және 19 шақырымдық жаяу жүргіншілер жолы да салынбақшы. Екі жылға жоспарланған жұмыстың алғашқы кезеңінде облыстық бюджеттен 523 миллион теңгеге жуық қаражат бөлінсе, биыл 1 млрд 400 млн теңгеден астам ақша қарастырылған.
Жоспар бойынша жұмыс жыл аяғында аяқталмақ. Айтпақшы, Индербор кентіндегі өткен жылдары күрделі жөндеуден өткізілген асфальттың сапасы сыр беріпті. Кепілдік мерзімі бітпегендіктен оны мердігер мекеме қалпына келтіруі тиіс. Ал кент ішіндегі әбден тозған кейбір жолдарды жөнге келтіретін компания әзірге анықталмай жатқан көрінеді.
«Кейбір автомобиль жолы жоқ көшелерге жобалық-сметалық құжаттамалар жасақталуда. Ал шұңқырларды жамау жұмыстарына келетін болсақ осыған дейін ашық конкурс порталы арқылы мемлекеттік сатып алу порталына жарияланған болатын. Мердігер мекеме анықталған жоқ. Қазіргі таңда қайта жариялау жұмыстары жүргізіліп жатыр», — дейді Индер аудандық ТҮКШ бөлімі басшысының міндетін атқарушы Шапағат Ғаббасов.
Ал кенттегі «Болашақ», «Шығыс» мөлтек аудандарына автомобиль және жаяу жүргіншілер жолын салу үшін жобалық-сметалық құжаттама жасалуда. Индердегі аудандық маңызы бар жолдардың ұзындығы 222 шақырымға жуық. Оның 170 шақырымнан астамы асфальтталған.