CaspianLife, 5 маусым — Атырау облысындағы Жылыой ауданының орталығы – Құлсары қаласының маңына мұнай төгілгені анықталды. Бұл жайт туралы қала тұрғындары әлеуметтік желіге видео жүктеген. Облыстық экология департаментінің баспасөз қызметі осыған байланысты арнайы комиссия құрылғанын хабарлады.
«Комиссия құрамында облыстық экология департаменті мен Құлсары қалалық әкімдігінің мамандары және қоғам белсенділері бар. Департамент мамандары комиссия мүшелерімен бірге 31 мамырда видеода көрсетілген жерде тексеру жұмыстарын жүргізді. Аталған аумақтың мұнай өнімдерімен бүлінгені анықталды», — деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.
Аумағы 60х70 метр сол жерден темір бөшкелер, автокөлік дөңгелектері, басқа да заттар табылған. Бұдан өзге 100 тоннаға жуық құрылыс қалдығы тасталған.
«Тексеру кезінде Құлсары қаласының өндірістік аймағынан 400-500 метрлік қашықта ор қазылып, оған мұнай өнімдері төгілгені анықталды. Өндірістік аймақтан шамамен 1 шақырымдық қашықта айналасы бетонмен қапталған қазан табылды. Қазанның ішіне су құйылған», — деп мәлім етті департаменттің баспасөз қызметі.
Департамент мамандары зертханалық талдау жүргізу үшін бүлінген жерден топырақ, ал қазаннан су сынамасын алды.