CaspianLife, 25 мамыр — Атырау облысында 170-тен аса мектеп директорына қомақты айыппұл салынуы мүмкін. Себебі білім ошағының басшылары мектептің әлеуметтік желідегі парақшаларын жүргізу үшін оралдық компаниямен келісімге отырған.
Қызмет құны айына 5 мың, жылына 60 мың теңге болған. Алайда Ішкі аудит департаменті тексеріс жүргізіп, компания құжаттарынан заңсыз жайттарды анықтаған.
Мектеп басшыларының айтуынша, ешқандай заңбұзушылық жоқ. Бәрі мемлекеттік сатып алу порталының талаптарына сай жасалған. Әр ауылдан келген директорлар бұған наразылық білдіріп, Ішкі аудит департаментіне барған. Ал ондағылар прокуратураның нұсқауымен тексеріс жүргізгенін айтқан. Дегенмен бұған Атырау облысы прокуратурасының қатысы жоқ болып шыққан. Дүрліккен директорлар енді сотқа шағымдануға ниет білдіріп отыр.
«Бізді ішкі аудит бөліміне шақырып, бір апта ішінде болса 150 мың, бір ай ішінде болса 300 мың ақша айыппұл төлейсіңдер деді», — дейді мектеп директорларының бірі Руслан Қанатов.