CaspianLife, 9 мамыр — Маңғыстауда мамырдың 6-сы мен 8-і аралығында жауған толассыз жауын салдарынан екі қала мен тоғыз елді мекенді су басты. Бұл туралы облыстың Төтенше жағдайлар департаменті хабарлады.
Облыс орталығында 14 көше мен төрт ауланы су басқан. Құтқарушылар мен коммуналдық қызметтер 21 мың текше метрден астам суды сорды.
Жаңаөзен қаласында 88 тұрғын үйді (81 үйде су сорылды), 43 ауланы (28-інде су сорылды), 27 көшені (21-індегі су сорылды) су басқан. Сондай-ақ, үш мектеп пен бір балабақшаның жертөлелері суға кеткен.
Қарақия ауданы, Бостан ауылында бес тұрғын үй мен «Тұрмыс-сервис» ММ-нің сорғы стансасын су басқан. Сенек ауылында 23 тұрғын үй мен 25 ауланы, сондай-ақ спорт мектебінің жертөлесін су басқан. Құрықта Құрық-Жетібай жолының 4 шақырымындағы жаңбыр суын жинайтын аумақта су сорылуда. Әзірге 150 текше метр су сорылды.
Маңғыстау ауданының Шетпе қаласында үш тұрғын үй мен 22 аулаға су кіріп, Ақтау-Қаламқас тас жолының 97 шақырымын да басып қалды.
Мұнайлы ауданында 44 тұрғын үйді, 116 көшені, 74 ауланы су басқан.
Жаңбыр суымен күресуге Төтенше жағдайлар департаментінің 93 қызметкері, жергілікті атқарушы органдардың 142 қызметкері және 85 ерікті, сондай-ақ 78 техника мен 38 мотопомпа жұмылдырылды.
«Барлығы 29 305 текше метр су сорылды, жұмыс жалғасуда. 6 мамырда Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері 19 адам, оның ішінде 9 бала қауіпсіз жерге көшірілді», — деді ТЖМ бастығының орынбасары, подполковник Бекболат Әбдіқадыров.