CaspianLife, 6 мамыр — Маңғыстада Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне біржолғы материалдық көмек беріледі. Бұл туралы облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсет Шопанов мәлімдеді. Оның сөзінше, аймақта 6 ардагер бар. Жыл басынан бері оларға коммуналдық қызмет ақысы ретінде 202 мың тг төленді. Осы мақсатта биыл тағы 880 мың тг беру жоспарланған.
– Екінші дүниежүзілік соғыс ардагерлеріне Жеңіс күні жергілікті бюджеттен бір миллион теңгеден төленеді. Жеңілдіктері бойынша Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне теңестірілген 774 ардагерге 40-тан 60-қа дейінгі айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде біржолғы материалдық көмек көрсетіледі, — деді Әсет Шопанов.
— Қоршау кезінде Ленинград қаласының кәсіпорындарында, мекемелерінде және ұйымдарында жұмыс істеген және «Ленинградты қорғағаны үшін» медалімен немесе «Қоршаудағы Ленинград қаласының тұрғыны» төсбелгісімен марапатталған азаматтарға бір адамға 153 150 теңге беріледі. Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде фашистік концлагерьлерінде тұтқында болған 3 адамға да осындай сома қарастырылған;
— Қайтыс болған Ұлы Отан соғысы мүгедектерінің жұбайлары мен екінші рет некеге тұрмаған Ұлы Отан соғысы мүгедектеріне теңестірілген 26 адамға 122 520 теңге;
— ҰОС ардагерлеріне теңестірілген тұлғаларға 153 150 теңге;
— Ұлы Отан соғысының мүгедектеріне теңестірілген жәрдемақысы бар 49 азаматқа 183 780 теңге;
— Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы жанқиярлық еңбегі және мінсіз әскери қызметі үшін бұрынғы КСРО ордендерімен және медальдарымен марапатталған 574 адамға 122 520 теңге;
— қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасыларының әрқайсысына 122 520 теңге;
— басқа мемлекеттердің аумағында соғысқан ұрыс қимылдарының мүгедектеріне 183 780 теңге
— Ауғанстан соғысының ардагерлері мен Ченобыль АЭС-дағы апат зардаптарын жоюға, 153 150 теңгеден беріледі.
9 мамыр Жеңіс күніне орай Маңғыстау облысында Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен басқа санаттағы азаматтарға материалдық көмек көрсету үшін жергілікті бюджет есебінен 280 млн теңге бөлінді. Қазіргі таңда 250 млн теңге төленді. Мерекеге дейін материалдық көмек толығымен төленеді деп күтілуде.
Әсет Шопанов одан бөлек Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектері үшін жергілікті шипажайларда емделу қарастырылғанын алға тартты. Бұл мүмкіндік ҰОС ардагерлерінің жесірлеріне, қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасыларына, тыл еңбеккерлеріне және т.б. жандарға да берілетін болады.