CaspianLife, 27 сәуір — Енді елімізде бір адамның бірнеше банктен несие алу мүмкіндігі болмайды. Бұл туралы Мәжілістің жалпы отырысында депутат Дания Еспаева мәлімдеді.
Бүгін «Қазақстан Республикасының кейбiр заңнамалық актiлерiне сақтандыру нарығын және бағалы қағаздар нарығын реттеу мен дамыту мәселелері бойынша өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы» заң жобасы мақұлданды. Жаңа заң жобасы бойынша әр қаржылық ұйым мен екінші деңгейдегі банктер берген несиелері туралы мәліметті кредиттік бюроға 1 күнде ұсынуы қажет.
Біздің түзетулерге сәйкес, несие беру ақпараттары бір күннің ішінде тіркеледі. Енді, бір-екі күннің ішінде 5-6 банкте бір мезгілде несие алуға тырысқан адамдарда мұндай мүмкіндік болмайды. Себебі кредиттік бюрода бұл адамның бір банкте несие алғаны туралы мәлімет тіркеліп тұрады. Сәйкесінше, оның қарыз жүктемесі есептеледі, — дейді Дания Еспаева.
Басқа банктен несиесі бар адам екінші банкке өтініш жіберген кезде базадағы мәліметтерді көріп тұрады. Егер оның табысы несиені өтеуге жетпесе, өтініші мақұлданбайтын болады.