CaspianLife, 27 сәуір — «Украинадағы Чернобыль апатының салдарын жоюға қатысқан атыраулық ардагерлер көмекке мұқтаж». 26 сәуір — Халықаралық радиациялық апаттар мен апаттар құрбандарын еске алу күніне орай қала әкімінің алғыс хатымен марапатталған ардагерлер осылай дейді. 60 мыңға жуық адамның өмірін жалмаған апаттан бері 36 жыл өтсе, атыраулық ардагерлер тиісті құрмет пен әлеуметтік қорғауды әлі сезінбей келетін көрінеді.
Бізді үшінші топтағы мүгедек деп айтқанымен, поликлиникаларда ешқандай көмек жоқ. Ол жерде көбі сіздерді біз емес жіберген дейді. Жер мәселесі де әлі шешілмей келеді, — дейді Чернобыль ардагері Асқар Нұржанов.
Радиациялық аймақты залалсыздандыруға Атырау облысынан 1500 азамат аттанған. Олардың 163-нің көзі тірі. Бәрі де – мүгедек. Облыстық Чернобыль ардагерлер кеңесінің мүшелері «Денсаулық сақтау, баспана, апатты жоюға қатысқандардың балалары мен жесірлерін қорғау және әлеуметтік төлемақы көлеміне қатысты мәселелер жыл сайын айтылып келеді. Ал екі жыл бұрын Президент қол қойған «Ардагерлер туралы» Заң жергілікті мекемелердің ішкі заңына қарама-қайшы» дейді.
ЖХК өздерінің заңдарына сүйенеді. Ол Заң бойынша бізге ветерандар «ҰОС қатысқандар қатарына теңестірілген» делінген статус берілді. Сол статус бойынш бізге бірінші кезекте үй берілу керек. Ал олар бізді әлеуметтік әлсіз топтың санатына қосқан. Ал, ол топта бізден бөлек көп балалы аналар мен жетім-жесірлер бар. Енді кезек күтіп жүрміз, — дейді Атырау облыстық «Чернобыль ардагерлерінің кеңесі» ҚБ төрағасы Сейітжан Әбуов.
Ардагерлердің қала аумағында Чернобыль апатының құрбандарына арналған ескерткіш орнатылса екен деген тағы бір бұйымтайы бар. Бірнеше жыл бұрын осы мақсатта жер телімі бөлініп те қойған. Алайда құрылыс жұмыстары әлі басталмапты.