CaspianLife, 18 сәуір — Бір ай бұрын Атырау қаласының әкімі лауазымына тағайындалған Мейірім Қалауи өзінің фейсбуктегі парақшасында қашан және қалай жер телімін алғандығын түсіндіріп, жазба қалдырды.
Құрметті достар!
Соңғы күндері менің атымды жариялап, әр түрлі ақпаратты таратып жатыр. Жарияланған материалдар шындыққа жанаспайды. Мен бұл туралы алғаш рет 2019 жылы хабарлама жасаған болатынмын. Индер ауданының әкімі қызметін атқарып жүргенде осы тектес ақпараттар республикалық электронды құралдарына шыққаннан кейін өзімнің бастамаммен журналистерге хабарласып, барлық жайтқа орай түсіндірме (ratel.kz, azh.kz) бердім.
10 жыл бұрын (2012 жылы) мемлекеттік қызметке келгенге дейін, мемлекеттің тарапынан берілген жер телімін қазіргі қызметіммен байланыстырып, заңсыз әрекеттер жасады деп мәлімделуде. Мен мемлекеттік қызметші ретінде де құқығымның қорғалғанын қалаймын. Сондықтан, әдейі жалған ақпарат таратып жатырғандардың үстінен (соның ішінде фейк аккаунттардан) жақын арада Полиция департаментіне арыз түсіретін боламын.
Ақпараттық ағынның қалай жасалатынын жақсы түсінетін маман ретінде айтарым, бұл әдейі маған қарсы ұйымдастырылып отырған шабуыл.
Құқықтық, ашық қоғам құруға ниетті буынның өкілі ретінде барлығыңызды жалған ақпаратқа сенбеуге шақырамын!Facebook, 18 сәуір, Meyirim Kalaiu