CaspianLife, 13 сәуір — Маңғыстау облысында мал суару үшін құдық қазғанға бөлінетін субсидия көлемі 80% артты. Бұл — жайылымды суландыру және мал шаруашылықтарын сумен қамтамасыз ету мақсатында қолға алынған іс-шара. Бірақ 375 метр тереңдікке дейін қазылған ұңғыма ғана субсидияланады. Одан да тереңге кетсе шығынын шаруа өзі төлейді.
Бір құдық кемінде 50 ірі қараға есептеліп отыр. Маңғыстау облысының әлеуметтік-экономикалық дамуына арналған кеңесте президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке Маңғыстау және Қызылорда облыстары үшін құдықтарды бұрғылауға кеткен шығынды субсидиялау мөлшерін 80%-ға дейін арттыруды тапсырған еді.
«1 метр қазу 70 000 теңге болса, 80%-і субсидияланады. Инвестициялық салымдарды өтеу республикалық бюджеттен 50 % және жергілікті бюджеттен 30 % қаражат беріледі. Бір құдықты суландыру көлемі 2 мың гектарға дейін жайылымды құрайды», — дейді Маңғыстау облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы Нұрғали Буханов.
Сонымен қатар, су көтеретін сорғы және электр станциясын субсидиялау да қарастырылған. Техника жанар-жағар маймен немесе дизелмен жұмыс істеуі шарт. Субсидия алу үшін шаруалардың ауыл шаруашылығы техникасы туралы құжаттары түгел болуы тиіс. Деректерге сүйенсек, 2014-2021 жылдары облыста 448 құдық қазылып субсидияланған. 2020-21 жылдары қаржыландыру көлемі 50% төмендеп кеткен еді. Сол себепті шаруалар былтыр тек 44 құдық қазған.