CaspianLife, 12 сәуір — Наурызда өсімдік майы 23,2%-ға және дәнді дақылдар 17,1%-ға қымбаттаған.
Ұлттық банк төрағасы Ғалымжан Пірматов Қазақстандағы азық-түлік бағасының өсуін инфляцияның рекордтық деңгейімен байланыстырды.
«Қазақстандағы инфляция 2022 жылдың наурыз айында 2016 жылдың қыркүйегінен бастап шарықтау шегіне жетіп, бір айда 8,7 пайыздан 12 пайызға дейін өсті. Азық-түлік өнімдері инфляцияға ең көп үлес қосты. Бағаның өсуі 10 пайыздан 15,4 пайызға дейін жетті. Бір айда инфляция 5,8 пайызға өсіп кетті», — деді Ұлттық банк басшысы Үкімет отырысында.
Пірматовтың айтуынша, жыл сайын бағаның айтарлықтай өсуі қырыққабат, қант, картоп, қызанақ сынды өнімдерде байқалады. Бұған қоса, азық-түлікке жатпайтын тауарлардың (киім, химиялық тұрмыстық заттар) бағасы айырбас бағамының төмендеуіне байланысты қысымға ұшырап 8,6 пайыздан 10,9 пайызға дейін өскен.
Ресей Федерациясына салынған санкцияларға байланысты логистикалық проблемалар себебінен шикізат пен материалдардың бағасы өскен.
«Украина мен Ресей Федерациясының арасындағы қақтығыс аясында экспорт көлемінің қысқаруы әсерінен наурызда өсімдік майы 23,2%-ға және дәнді дақылдар 17,1%-ға қымбаттады. Бұл – рекордтық өсуі. Мұндай өсім 1990 жылдан бастап ең жоғары деңгейде сақталып отыр.
Шикізат, жанар-жағар май, газдың қымбаттауы аясында Еуроаймақтағы инфляция наурызда алдын ала деректер бойынша 7,9%-ға дейін өсті, АҚШ-та – ақпанда 40 жылдық ең жоғары көрсеткішке жетіп, 7,9% болды. Ресейде инфляция наурызда 16,7%-ға дейін жеделдеді. Қазақстан үшін сыртқы инфляциялық жағдай тауар жеткізілімі проблемаларының сақталуына, азық-түлік пен шикізат бағасының өсуіне, сондай-ақ теңге бағамының әлсіреуіне және геосаяси тәуекелдердің іске асуына байланысты биыл қолайсыз болады», — дейді Ұлттық экономика министрі Ә. Қуантыров.