CaspianLife, 1 сәуір — Атырауда есірткі тасымалдаумен айналысқан қылмыстық топ ұсталды. Бұл туралы Polisia.kz сайты хабарлады.
ҚР ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаменті бастығының міндетін атқарушы Асқар Мұхаметқалиевтің айтуынша, арнайы құрылған жедел тергеу тобы қылмыстық топтың іс-әрекетін бес ай бойы бақылапты. Нәтижесінде топ басшысының Қызылорда облысының тұрғыны екендігі және оның марихуананы “Шымкент – Атырау” бағытындағы автобустар арқылы жеткізетіндігі анықталған. Ал топ құрамындағы Қызылорда, Қарағанды және Атырау облыстарының азаматтары тауарды күтіп алып, сақтап-сатып, түскен ақшаны жинап, картаға аударып отырыпты.
Тінту кезінде олардан 6 миллион теңгеден астам астам ақша табылды. Қазір қылмыстық топтың үстінен сотқа дейінгі тергеу жұмыстары басталды. Егер кінәлары дәлелденсе, дүние-мүліктері тәркіленіп, 12 жылға дейін сотталулары мүмкін.