CaspianLife, 15 наурыз — Атырау облысында полицейлер көпбалалы ананың үйіне жөндеу жүргізіп берді.
Құрманғазы ауданының полиция бөлімінің учаскелік полиция инспекторы, полиция аға лейтенанты Біржан Махмудов әріптестеріне Жұмекен ауылында тұратын көпбалалы ана Екатерина Копрованың отбасына көмек көрсету туралы ұсыныс берген.
«Қазір Екатерина егде жастағы сырқат анасымен бірге тұрады. Әлеуметтік жағдайы төмен отбасылар санатына кіреді. Балаларының үлкені 3-сыныпта оқиды. Кенжесі – 1 жаста. Аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері менің ұсынысыма қолдау білірдіріп, қаражат жинады. Сол қаражатқа көпбалалы отбасының үйіне жөндеу жүргізіп, есігі мен терезелерін жаңасына ауыстырдық. Бұрын оның үйінде еден болмаған. Сондықтан, ағаштан еден төселді. Табиғи газ желісін кіргізіп, тамақ пісіруге арналған газ плита сатып алып бердік», -дейді Біржан Махмудов.
Аудан полицейлері 34 жастағы әйелдің балаларына жаңа киім мен оқу құралдарын сыйға тартты.
«Қайырымдылық – қанымызда бар қасиет. Біздің әркез мұқтаж жандарды қолдауға дайын тұрамыз. Былтыр аудан поицейлері Күйген елді мекенінде тұратын жағдайы төмен отбасының үйіне көгілдір отын желісін кіргізіп, жылу сыйлаған едік. Біз мұқтаж жандарға қайырымдылық көмек көрсетуді жалғастыра береміз», -дейді аудандық полиция бөлімі бастығының міндетін атқарушы Найзабек Құбашев.