CaspianLife, 14 наурыз — Қазір полицияның тергеуінде 2 919 қылмыстық іс бар. Бір мыңнан астам күдікті қылмыстық жауаптылыққа тартылып жатыр. Бұл туралы Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов Мәжілісте баяндады.
«Мемлекет басшысы жазаны жеңілдететін жағдайларды ескерудің маңыздылығын атап өткеннен кейін 400-ден аса күдіктінің ішінен 219-ы қамаудан босатылды. Ал ауыр және аса ауыр қылмыс жасаған 184 күдікті қамауда. Тергеу барысында 12 мыңнан астам азаматтан жауап алынды. Екі мыңдай сараптама тағайындалды», — деді ведомство басшысы.
Ол өз сөзінде ұрланған мүліктің көп бөлігі тәркіленгенін айтып өтті.
«Тәркіленген мүліктердің арасында 12 автокөлік, 311 бірлік тұрмыстық техника, 188 зергерлік бұйым, 261 ұялы телефон, 16 млн теңге бар.
229 айыпталушыға қатысты іс сотқа жолданды. Қазірдің өзінде 72 адам сотталды. Оның бесеуі бас бостандығынан айырылды. Қалғандары басқа жазаларына тартылды», — деді ІІМ басшысы.